Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да 14 мыңнан астам тұрғын жүрек жеткіліксіздігі бойынша есепте тұр

СҚО-да 14 мыңнан астам тұрғын жүрек жеткіліксіздігі бойынша есепте тұр

May 13, 2026 18:58

Солтүстік Қазақстан облыстық кардиоорталығында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Өңір тұрғындары алдын ала жазылусыз және жолдамасыз мамандардың кеңесін алып, алғашқы тексеруден өтіп, әрі қарайғы ем-домды талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл мәселе әлі де өзекті: диспансерлік есепте бүгінде 14 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұр, алайда мұндай диагнозы бар адамдардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп. Көптеген адамдар ағзаның алаңдатарлық белгілеріне мән бермей, жағдайдың нашарлауын жасқа немесе шаршауға балап жүреді.

Кардиолог дәрігер Нұрлыбек Әбішевтің айтуынша, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі — бұл қартаюдың табиғи көрінісі емес, ауыр ауру. Оның сөзінше, науқастар жиі әлсіздікке, ентігуге, тез шаршауға және ісінуге шағымданады, алайда мұндай белгілер міндетті түрде медициналық бақылауды қажет етеді.

Ашық есік күніне келгендердің бірі — Петропавл қаласының тұрғыны Нина Девяткина. Ол бұрын осы орталықта ем қабылдағанын және дәрігерлердің көмегіне ризашылығын білдірді.

«Диагностикаға түстім, тексеруден өткізді. Операция қажет болды, оны жасады. Жағдайым оңай болған жоқ, жас та әсер етеді. Бірақ мұндағы дәрігерлер өте жақсы, қарым-қатынастары да тамаша. Бір жарым айдай ем алдым, қазір қайтадан оңалтуға дайындалып жатырмын. Өте ризамын», — деді ол.

Қабылдауға Шал ақын ауданы Сергеевка қаласының тұрғыны Владимир Левда да келді. Ол аудандық ауруханада тексеруден өтіп, кейін облыстық орталыққа қосымша кеңес алуға жіберілгенін айтты.

«Ауруханада қабылдап, тексеріп, осында жіберді. Мұнда бәрін түсіндіріп айтады, түсіністікпен қарайды. Кардиоорталыққа алғаш келуім, қазір қажетті тексерулер мен емді алғым келеді», — деді ол.

Мамандар жүрек жеткіліксіздігінің алдын алуда өмір салтының маңызы зор екенін еске салды. Дәрігерлер дұрыс тамақтану, салмақты бақылау, көбірек қозғалу және таза ауада серуендеу керектігін айтады. Нұрлыбек Әбішевтің айтуынша, артық салмақ жүрекке қосымша жүктеме түсіреді, ал аз қимылдау қан тамырлары мен жалпы ағзаға кері әсер етеді. Сондай-ақ дәрігерлер тұзды азайтуға, темекі шегуден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тартуға кеңес береді.

Кардиоорталықта мұндай профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп тұратыны атап өтілді. Науқастармен жұмыстан бөлек, мекеме мамандары облыстың әр ауданынан келген дәрігерлер үшін оқыту конференциялары мен семинарлар ұйымдастырады.

Shares