СҚО-да 27 жастағы есірткі дүкенін ұйымдастырған азамат сот алдында жауап береді
Солтүстік Қазақстан облысында интернет-дүкен арқылы психотроптық заттарды сатумен айналысқан ірі желіні ұйымдастырды деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс тергеліп аяқталды. Іс материалдары сотқа жолданды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Күдікті — облыс тұрғыны, 27 жаста, бұрын мүліктік қылмыс үшін сотталған. Ол 2025 жылдың шілде айының соңында полиция тарапынан анықталып, ұсталған.
Тінту барысында күдікті жалдап тұрған пәтерден полиция қызметкерлері 85 орам ұнтақ түріндегі зат тапты және тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 130 грамм болатын синтетикалық есірткі — α-PVP екені анықталды.
Сонымен қатар, заңсыз әрекетке қажетті барлық құралдар — орау материалдары, таразы және өлшеу қасықтары табылған. Ер адамға аса ірі көлемде есірткі заттарын сатқаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
СҚО полициясы есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастыруда. Биыл облыс аумағында 215 есірткі құқықбұзушылығы анықталған, оның 103-і сату фактілеріне қатысты. Осы кезеңде заңсыз айналымнан 771 келі есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 4,7 келісі синтетикалық заттар.