Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да бір күнде айыппұл бойынша берешегі бар 210 шетелдік азамат анықталды

СҚО-да бір күнде айыппұл бойынша берешегі бар 210 шетелдік азамат анықталды

May 19, 2026 16:53

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер әкімшілік айыппұлдарды төлемеген борышкерлермен жұмысты күшейтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

«Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарына және автоматты құқықбұзушылықтарды тіркеу жүйелерінің бақылауына түскен транзиттік көлік жүргізушілеріне ерекше назар аударылуда.

Іс-шараның алғашқы күнінде-ақ өңір полицейлері төленбеген айыппұлдары бар 210 шетелдік азаматты анықтап, оларға тиісті хабарлама берді. Олардың басым бөлігі түсіндіру жұмыстарынан кейін банктік аударымдар арқылы берешектерін бірден өтеген.

Полицияның мәліметінше, құқықбұзушылықтардың едәуір бөлігі облыс жолдарында жылдамдықты шамадан тыс арттырумен байланысты. Солтүстік Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін кейбір жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын елемей, бейнебақылау камераларының назарына жиі ілігеді. Сонымен қатар рейдтік шаралар барысында Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзу фактілері де анықталуда.

Тәртіп сақшылары қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылған күннен бастап алғашқы жеті тәулік ішінде төлем жасалған жағдайда айыппұлдың тек 50 пайызын төлеуге мүмкіндік берілетінін еске салады. Ал айыппұлдың толық сомасын ерікті түрде өтеуге 30 күн уақыт қарастырылған. Осы мерзім өткеннен кейін материалдар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларына жолданады.

Shares