СҚО-да ең тапшы мамандықтар аталды: бизнеске аспаздар мен электрмонтерлер қажет, ал мемлекеттік секторға – басқарушылар

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі жұмыс берушілер арасында ауқымды сауалнаманы аяқтады. Оған 1,5 мыңға жуық компания қатысқан. Мониторинг нәтижелері 2026–2028 жылдарға арналған білім беру гранттарын бөлу кезінде негізге алынады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Биыл сауалнама 2 ақпан мен 20 наурыз аралығында жүргізілді. Оған облыстың 1471 кәсіпорны қатысты, оның ішінде 827 жеке кәсіпкер және 644 заңды тұлға бар. Респонденттердің басым бөлігі – микроұйымдар (10 адамға дейінгі қызметкері бар) – 917 жұмыс беруші, сондай-ақ шағын кәсіпорындар (10–99 қызметкер) – 443 компания.
Орта кәсіпорындар (100–249 қызметкер) – 88 ұйым, ал ірі кәсіпорындар (250 және одан көп қызметкер) – 23.
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі өңірдің негізгі салаларын қамтиды: ауыл шаруашылығы (444 ұйым), сауда (281) және қызмет көрсету саласы (110). Сонымен қатар білім беру (102), көлік және қоймалау (93), өңдеу өнеркәсібі (79) салаларындағы жұмыс берушілер де қатысқан. Ал тау-кен өнеркәсібі, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондицияланған ауамен жабдықтау салаларында қатысушылар саны аз болды.
«Алынған деректерге сәйкес, 2026–2028 жылдарға өңірдегі кадрларға болжамды қажеттілік 4894 адамды құрайды. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі Петропавл қаласында шоғырланған – 3152 адам (жалпы сұраныстың 64 пайызы). Сонымен қатар Есіл ауданында – 244, Аққайың ауданында – 229, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда – 183 және Тимирязев ауданында – 177 адам қажет. Экономикалық қызмет түрлері бойынша соңғы үш жылда алғаш рет мамандарға сұраныс бойынша мемлекеттік басқару саласы көш бастады – 1114 бос орын», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Дәстүрлі түрде кадр тапшылығы ауыл шаруашылығында сақталып отыр – 822 бос орын, саудада – 509, өңдеу өнеркәсібінде – 416. Сонымен қатар электр энергиясы мен газбен жабдықтау саласында 545 бос орын тіркелген. Ал ең аз сұраныс тау-кен өнеркәсібінде (7 бос жұмыс орны) және ақпарат пен байланыс саласында (12) байқалады.
Сауалнама нәтижелері еңбек нарығында жұмысшы мамандықтары мен білікті техникалық кадрларға сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Ең сұранысқа ие ТОП-5 мамандық:
Аспаз – 330 адам;
Электрмонтер – 220 адам;
Логопед – 178 адам;
Автослесарь – 163 адам;
Тракторшы-машинист – 132 адам.
Сонымен қатар инженер-механизаторлар, медбикелер және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне де сұраныс сақталып отыр. Зерттеу нәтижелері бизнес тарапынан қолданбалы дағдылары бар мамандарға сұраныстың артқанын көрсетеді.
«Негізгі сұраныс кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға тиесілі – 2862 бос жұмыс орны. Сонымен қатар жоғары білімі барларға – 1250 орын қарастырылған. Орта білімі бар азаматтарға – 304 бос орын, қысқа мерзімді курстардан өткендерге – 62. Ал 217 жағдайда білім деңгейі мүлде маңызды емес», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының адам капиталы дамыту бөлімінің басшысы Ирина Торопова.
Мониторинг нәтижелері бейінді мемлекеттік органдарға жолданып, өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында кадр даярлау нақты экономиканың сұранысына сай болуы үшін оқу жоспарларын түзету және гранттарды бөлу кезінде ескерілетін болады.
