Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да колледждің бас бухгалтері заңсыз түрде 1,7 млн теңгеден астам қаржы жымқырған

СҚО-да колледждің бас бухгалтері заңсыз түрде 1,7 млн теңгеден астам қаржы жымқырған

January 16, 2026 15:00

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылға арналған бюджеттік саладағы төлемдерге жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялады.Тексерушілердің ерекше назарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы төлемдер болды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мониторинг барысында қызметкерлердің жеке шоттарына артық қаражат аудару деректері анықталды. Жалақы, сыйақы және сауықтыруға арналған жәрдемақылар түрінде бюджеттік қаражат негізсіз таратылған.

«Осылайша, 2025 жылы 6309 дерек бойынша жалпы сомасы 1 688,4 млн теңгені құрайтын 419 ықпал ету хаты жолданды. Оның ішінде тәуекелдер 23,0 млн теңге сомасында расталды, соның ішінде: білім беру саласында — 3572 тәуекелді төлем, жалпы сомасы 1055,7 млн теңге, расталған тәуекелдер — 21,0 млн теңге;
мәдениет және спорт саласында — 2645 тәуекелді төлем, сомасы 613,0 млн теңге, расталғаны — 1,98 млн теңге;
денсаулық сақтау саласында — 92 тәуекелді төлем, сомасы 19,7 млн теңге», – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда негізсіз төленген барлық қаражат толық көлемде мемлекеттік бюджетке қайтарылды.

Аудиторлар лауазымды тұлғалардың негізсіз баюына қатысты нақты мысалдар келтірді. Атап айтқанда, «Кәсіптік даярлау және сервис колледжі» КММ 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қарашасына дейінгі кезеңде бас бухгалтерге 1,7 млн теңгеден астам қаражат артық төленген.

Сондай-ақ Магжан Жұмабаев ауданының білім бөлімінде мемлекеттік сатып алулар жөніндегі менеджерге 172,5 мың теңге артық төлем жасалғаны анықталды.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылы мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне жасалатын төлемдерге мониторинг күшейтілетін болады.

Shares