Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да полицейлер өзін жайсыз сезінген жүргізушіге көмек көрсетті

СҚО-да полицейлер өзін жайсыз сезінген жүргізушіге көмек көрсетті

April 22, 2026 18:02

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында Корнеевка мен Заградовка ауылдарының арасындағы жол жиегіне түсіп кеткен автокөлікті Заградов ауылдық округінің учаскелік инспекторы Саян Райымбеков байқап қалған. Көлік ішінде Айыртау ауданының 46 жастағы тұрғыны болған, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушінің қан қысымы күрт көтерілген. Жағдайының нашарлауына байланысты ол көлікті басқара алмай, жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Абырой болғанда, жол жиегіндегі бұталар көліктің аударылып кетуіне жол бермеген. Ер адам ауруханаға жатқызудан бас тартып, дәрі қабылдағанын айтқан және өзін Қызыласкер ауылындағы туыстарына жеткізіп салуды өтінген.
Саян Райымбеков әріптесі – Корнеев ауылдық округінің учаскелік инспекторы Диас Жанайдардан көмек сұраған. Екі полицей бірігіп «Volkswagen Passat» көлігін жол жиегінен шығарып, кейін жүргізушіні көрсетілген мекенжайға жеткізген. Жол үстінде оның жағдайы жақсарған. Жүргізуші полицейлерге көрсеткен көмегі мен жанашырлығы үшін алғысын білдірді.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге өз денсаулығына және көліктің техникалық жағдайына мұқият болуды, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Shares