СҚО-да полицейлер Ресейден келген жүргізушіге тасжолда көмек көрсетті

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері республикалық маңызы бар тасжолда қиын жағдайға тап болған Ресей Федерациясының азаматына көмек көрсетті. СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторлары Денис Геккель мен Сергей Михайленко көліктегі ақауды жоюға көмектесіп, жүргізушінің сапарын жалғастыруына жағдай жасады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Челябі – Новосібір автожолының 566-шақырымында полиция аға лейтенанты Денис Геккель жол жиегінде тоқтап тұрған Mazda автокөлігін байқайды. Жүргізуші Ресей Федерациясынан Саумалкөл ауылына бағыт алған. Алайда жолда көліктің артқы дөңгелегі жарылып қалған.
Қосалқы дөңгелегі болмағандықтан, жүргізуші жолын жалғастыра алмаған. Полицей зақымданған дөңгелекті Булаево қаласына жеткізіп, онда әріптесі Сергей Михайленкомен кездескен. Дөңгелек шина жөндеу шеберханасында жөнделіп, теңгерімделгеннен кейін тәртіп сақшылары қайта оралып, дөңгелекті көлікке орнатуға көмектесті.
«Мұндай жағдайлар жолда жиі кездеседі. Алайда олардың басым бөлігі көпшілік назарынан тыс қалып жатады. Полицейлер үшін жол үстінде көмек көрсету – ерекше жағдай емес, күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеріп, міндетті түрде қосалқы дөңгелек, дәрі қобдишасы және қуаты жеткілікті ұялы телефон алып жүруге, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береміз», – деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
