Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да «Құқықтық дәріхана» акциясы кеңінен танымал бола бастады

СҚО-да «Құқықтық дәріхана» акциясы кеңінен танымал бола бастады

February 3, 2026 20:17

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары білікті әрі тегін заң көмегін ала алады. Облыстық прокуратура әр сейсенбі күні «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Акция облыс аумағында өтуде. Мәселен, Петропавл қаласында «Құқықтық дәріхана» «Рахмет» сауда үйінің бірінші қабатында ұйымдастырылған. Мұнда әр сейсенбі күні сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін прокурорлар қала тұрғындарын қабылдайды.
Кеңес алуға кез келген азамат келе алады. Ол үшін алдын ала жазылу талап етілмейді.

Қадағалау органына отбасылық, еңбек, тұрғын үй, салық, жер заңнамасына қатысты кез келген мәселе бойынша жүгінуге болады. Бұл туралы СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Андрей Бессонов мәлімдеді.

«Әдетте бұл тұрмыстық сипаттағы мәселелер: ПИК-тер, банкроттық рәсімі және тағы басқалар. Сонымен қатар өзекті тақырыптар бойынша да түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның бірі – дропперлік: дропперлік деген не, ол үшін қандай жаза қарастырылған және не себепті ол қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды», – деді ол.

Әр қабылдау сайын прокуратура қызметкерлері ауысып отырады. Олар құқықтық мәселелерді СҚО тұрғындарына қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіреді.

Қадағалау органының мәліметінше, бұл акция халық арасында сұранысқа ие болып, қарқын алып келеді. Солтүстікқазақстандықтардың көпшілігі прокурорлардан білікті заң көмегін алып үлгерді.

Shares