СҚО-да Қызыл Жарты Айдың ауқымды қайырымдылық акциясы аясында ондаған тұрғын қан тапсырды

Солтүстік Қазақстан облыстық қан орталығында өтеусіз қан тапсыру бойынша қайырымдылық акциясы өтіп, ондаған жанашыр азаматтың басын қосты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараны Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы ұйымдастырды. Мұндай акцияларды өткізу ұйымның гуманитарлық қызметінің маңызды бөлігіне айналған.
Таңертеңнен бастап қан орталығында адам қарасы көп болды. Акцияға қатысуға волонтерлер, күштік құрылым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, тұрақты донорлар және алғаш рет қан тапсыруға келгендер үн қосты. Көпшілік үшін бұл жай ғана игі дәстүр емес, адам өмірін сақтауға қосылған саналы үлес.
Әрбір донор міндетті медициналық тексеруден өтіп, содан кейін қан тапсыру рәсіміне жіберілді. Қан орталығы мамандарының айтуынша, мұндай акциялар облыс бойынша медициналық мекемелерге күн сайын қажет болатын қан қорын толықтыруда аса маңызды.
Қан орталығының қызметкері Оксана Чернявская донорлық қанға деген қажеттілік әрдайым жоғары екенін атап өтті.
«Қан күн сайын, демалыс пен мереке күндеріне қарамастан қажет. Әсіресе мереке алдындағы кезеңде қорды толықтыру маңызды, өйткені адамдар демалғанымен, науқастар көмекті қажет ете береді. Осындай акциялардың арқасында қан банкі толығып, дәрігерлер дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігіне ие болады», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл бағытта Қызыл Жарты Ай ұйымымен ынтымақтастықтың маңызы зор. Ұйым донорлық қозғалысқа жаңа қатысушыларды тартуға көмектеседі.
«Біз үшін олар сенімді серіктестер әрі шынайы достар. Олар құтқарушыларды, полиция қызметкерлерін, әскери қызметшілерді, волонтерлерді — яғни өзгенің қиыншылығына алғашқылардың бірі болып үн қататын жандарды біріктіреді», – деп қосты Оксана Чернявская.
Акция қатысушыларының қатарында волонтер София Булатова да болды. Адамдарға көмек көрсету ол үшін бұрыннан өмірінің бір бөлігіне айналған. Студент кезінен бастап Қызыл Жарты Ай жобаларына белсенді қатысып, жастарды волонтерлікке тартқан ол бұл жолы да донорлық бастамаға қосылды.
«Қанның орнын ештеңе баса алмайды, әр донор шын мәнінде біреудің өмірін сақтауға көмектеседі. Мүмкіндігінше көп адам жанашырлық, адамгершілік танытса екен деймін», – деді София Булатова.
Облыстық филиал директоры Сәуле Оразованың айтуынша, әрбір осындай акция — жай ғана ұйымдастырылған шара емес, азаматтық жауапкершілік пен көмекке дайын болудың көрінісі.
«Әр жолы қаншама адамның шынайы ниетпен қатысатынын көреміз. Біздің тұрақты серіктестеріміздің қатарында ТЖ қызметі, полиция, әскери бөлімдер, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар бар. Донорлық қозғалысты қолдап жүрген барша жанға алғысымыз шексіз», – деп атап өтті ол.
Сәуле Оразованың сөзінше, акцияға қатысу көпшілік үшін өзгеге көмектесумен қатар, өз денсаулығына да көңіл бөлуге мүмкіндік береді: донорлар қан тобын, гемоглобин деңгейін біліп, қажетті тексерулерден өтеді. Алайда акцияның басты құндылығы — медициналық емес, адами ынтымақ.
Қан тапсырғаннан кейін қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, ұтыссыз лотерея ұйымдастырылды.
Дегенмен донорлардың айтуынша, ең үлкен сый — өз қандарының біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін сезіну.
Акцияның 8 мамыр — Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Айдың Дүниежүзілік күні қарсаңында өтуі де символикалық мәнге ие. Бұл күн Халықаралық қозғалыстың негізін қалаушы Анри Дюнанның туған күніне орай атап өтіледі. 2026 жылы ол «Адамгершілік жолында бірге» ұранымен өтуде, бұл бірлік, мейірімділік және мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің маңызын еске салады.
