СҚО-да сот автокөлікті сапасыз жөндегені үшін жеке кәсіпкерді 630 000 теңге төлеуге міндеттеді

Петропавл қаласының №2 соты автокөлік иесі мен көлікті сапасыз жөндеген жеке кәсіпкер арасындағы дауға нүкте қойды. Сапасыз көрсетілген қызмет салдарынан талапкердің көлігі пайдалануға жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс материалдарына сәйкес, жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін автокөлік иесі қайталанып отырған ақауларға байланысты бірнеше рет орындаушыға талап қойған. Нәтижесінде қозғалтқыштағы жүйелі ақаулар көлікті әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп тануға алып келіп, күрделі жөндеу немесе агрегатты толық ауыстыру қажеттілігі туындаған.
«Сарапшының қорытындысына сәйкес жөндеу жұмыстары технологиялық талаптарды бұза отырып жүргізілген, бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектер қолданылған, ал орындалған жұмыстың сапасы нормаларға сай келмеген, бұл кейінгі ақауларға және қозғалтқыштың істен шығуына себеп болған», – деп хабарлады сотта.
Іс материалдарын зерттеп, тараптар мен сарапшылардың пікірін тыңдаған сот жұмыстардың тиісінше орындалмағанын танып, талапкердің талап арызын қанағаттандырды және жауапкерден талапкердің пайдасына 630 000 теңге мөлшерінде материалдық залалды, сондай-ақ сот шығындарын өндіріп алу туралы қаулы шығарды. Шешім заңды күшіне енді.
