СҚО-да жол-көлік оқиғаларында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 6 адам мерт болды

24 желтоқсаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мәселен, Петропавл қаласындағы Астана көшесінде сағат 11:35 шамасында «Океан» сауда үйінің маңында патрульдік полиция қызметкерлері 67 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Ер адам жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен, деп хабарлайды QZ NEWS.
Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл мөлшері — екі айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 864 теңге. Мұндай хаттамалар бір күннің өзінде жүздеп рәсімделуде.
Жыл басынан бері СҚО жолдарында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 26 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 6 адам қаза тауып, 20 адам түрлі жарақат алды. Қайғылы статистиканы азайту мақсатында полиция жаңа жыл мерекелері қарсаңында бақылауды күшейтті.
