СҚО-да жыл басынан бері өрт салдарынан 32 адам, оның ішінде 3 бала мерт болды

СҚО бойынша өрттердің жедел жағдайы туралы ТЖД брифингінде баяндалды. Құтқарушылар статистикамен бөлісіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 464 өрт тіркелді. Нәтижесінде 32 адам, оның ішінде үш бала қаза тапты. Өрттердің бір бөлігі 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының басына тұспа-тұс келді. Тұрғын үй секторында осындай 77 жағдай тіркелген.
ТЖД қызметкерлері профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Олар полиция қызметкерлері мен еріктілермен бірге 105 түнгі рейд өткізіп, 500-ден астам үйді аралады. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінді. Облыс бойынша бүгінде осындай санатқа жататын 5 781 тұрғын үй есепке алынған.
Өрттер санын азайтуға уақтылы орнатылған жабдықтар да ықпал етті. Биыл 2 100-ден астам көмірқышқыл газы мен түтін датчиктері сатып алынды. Ал пеш мұржаларын тазалау үшін 37 вакуумды қондырғы алынған.
Өрт оқиғаларының бір бөлігі көлік құралдарында тіркелді – облыста мұндай 58 жағдай болды. Өрт кезінде бір адам жарақат алды. Ол гаражда болған кезде қысқа тұйықталу салдарынан шатыр мен автокөлік жанған. Өрт сөндіріліп, ер адам 1–2 дәрежелі күйік алды.
Сондай-ақ брифингте Жаңа жыл мерекелері кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері еске салынды.
«Жаңа жыл мерекелері қарсаңында республика аумағында 2025 жылғы 1–5 желтоқсан аралығында “Газбаллон” акциясы өткізілді. Алдағы уақытта 17–26 желтоқсан аралығында “Қауіпсіз Жаңа жыл” және 20–31 желтоқсан аралығында “Пиротехника” акциялары өткізілетін болады. Бұл шаралар Жаңа жылға дайындық және оны өткізу кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп хабарлады СҚО ТЖД өкілдері.
