СҚО-дағы жанармай құю бекетінде «синтетика» таратушы ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бұрын сотты болған болған 25 жастағы есірткі таратушының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды. Бұған дейін мүліктік қылмыстар үшін бірнеше рет сотталған азамат шамамен бір ай бұрын «бағытын» өзгертіп, Петропавл қаласында синтетикалық психотроптық заттарды таратумен айналысқан, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жедел қызметкерлер күдіктінің қозғалысын бақылауға алып, оның облыс орталығынан «Lada Granta» автокөлігімен шыққанын анықтаған. Ұстау Аққайың ауданында, жанармай құю бекеттерінің бірінің аумағында жүргізілді. Жеке тінту барысында ер адамның қалтасынан жалпы салмағы шамамен бес грамм болатын «тұз» есірткісінің сегіз орамы табылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл – аса ірі мөлшер, себебі аталған синтетикалық зат үшін «аса ірі» көлем шегі екі жарым грамнан басталады.
Медициналық сараптама күдіктінің өзі де есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұрын сотты болғаны және тәркіленген зат көлемін ескере отырып, күдіктіге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
