СҚО Есіл ауданында 75 жастағы ауыл тұрғыны үйінде «алкоголь дүкенін» ұйымдастырған

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында 75 жастағы ауыл тұрғыны үй жағдайында заңсыз алкоголь саудасын ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері одан алюмин құтылардан қолдан жасалған самогон аппараты мен әртүрлі көлемдегі пластик және металл ыдыстарға құйылған 85 литр спиртті сұйықтықты тәркіледі, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ер адам алкогольді тек сенімді адамдардан тұратын шағын топқа ғана сатып отырған. Жедел уәкілдер үш тұрақты клиентті кезекті самогон сатып алу сәтінде ұстаған. Олардың барлығы бұған дейін алкогольдік мас күйде жасалған құқықбұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сатып алушылардың арасында бұрын сотталған 38 жастағы ауыл тұрғыны да бар. Оның үстінен отбасылық жанжалдар, тыныштықты бұзу, азаматтарға тиісу, абаттандыру ережелерін елемеу және тұрмыстағы өзге де құқықбұзушылықтар тіркелген», — деп хабарлады СҚО ПД.
Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан азаматқа тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет жүргізгені үшін жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз алкоголь айналымымен күрес — қылмыстық ахуалды төмендетудің және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтудың маңызды бөлігі. Жыл басынан бері СҚО полициясы заңсыз айналымнан 5953 литр спирттік өнімді тәркіледі.
