СҚО-ның 100-ден астам тұрғыны «Startup Orda» өңірлік бағдарламасының қатысушысы атанды

Петропавлда Astana Hub іске асыратын өңірлік инкубациялық бағдарлама – Startup Orda-ның жаңа легі бастау алды. Бағдарлама Қазақстан өңірлерінде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және болашақ жобасының идеясын енді ғана қалыптастырып жатқан командаларды қоса алғанда, жас бастамашыл топтарды қолдауға бағытталған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бағдарламаның ресми ашылуы Петропавлдағы SKO Hub базасында өтті. Бұл орталық жоба аясындағы негізгі офлайн алаңдардың біріне айналды. Мұнда қатысушылар трекерлермен, сарапшылармен және өзге командалармен бірлесіп жұмыс істеп, оқуды жобаларды тәжірибелік әзірлеумен ұштастырады.
Startup Orda бағдарламасы бұған дейін де еліміздің өңірлерінде табысты жүзеге асырылған. Алдыңғы лек Қазақстанның 16 облысын қамтып, 698 өтінім қабылданған. Оның ішінде 205 жоба бағдарламаны сәтті аяқтап, түлек мәртебесіне ие болды.
Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар преинкубациядан өтіп, идеяларын қалыптастырады, гипотезаларын сынақтан өткізеді, воркшоптарға қатысады және жобаларының бастапқы диагностикасынан өтеді. Кейін инкубация кезеңі басталып, өнімді дамыту, бизнес-модель құру, маркетинг пен техникалық бағыттарды жетілдіру бойынша трекерлер мен сарапшылардың жетекшілігімен қарқынды жұмыс жүргізіледі.
Бағдарламаның қорытынды кезеңі – Demo Day. Бұл күні қатысушылар өз жобаларын әлеуетті инвесторлар мен технологиялық экожүйе өкілдеріне таныстырады. Үздік командалар халықаралық алаңдарға шығу мүмкіндігіне ие болады. Атап айтқанда, олар Digital Bridge аясындағы Startup Alley және Astana Hub Battle жартылай финалына қатыса алады.
SKO Hub филиалының директоры Нұргүл Болатованың айтуынша, биылғы бағдарлама тәжірибеге көбірек бағытталып, кең аудитория үшін қолжетімді бола түскен. Оның сөзінше, басты назар жобаларды тұрақты сүйемелдеуге және командалармен жүйелі жұмыс жүргізуге аударылған.
«Алдағы 8 апта тікелей инкубациялық бағдарламаға арналады. Осы кезеңде аптасына 2–3 рет офлайн және онлайн форматта воркшоптар өтеді. Қатысушыларға трекерлердің жүйелі қолдауы көрсетіледі. Трекер – стартаптармен апта сайын жұмыс істеп, олардың идеяларын кезең-кезеңімен нақты жобаға айналдыруға көмектесетін сарапшы», – дейді ол.
Оның айтуынша, бағдарламаға жас идея авторларымен қатар, өз бизнесін цифрландыруға мүдделі кәсіпкерлер де қатысуда. Қатысушылардың жасы 16-дан басталады, ал жоғарғы жас шектеуі қарастырылмаған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл бағдарламаға облыс аудандарының қатысуы айтарлықтай артқан. Қатысушылар тек Петропавлда ғана емес, аудандық IT-орталықтар базасында да жұмыс істейді. Бұл жоба географиясын өңір ішінде кеңейтуге мүмкіндік береді.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысынан 140-тан астам өтінім түсіп, бағдарламаға жүзден астам адам қабылданды. Салыстыру үшін айтсақ, алдыңғы лекке шамамен 30 жоба қатысқан болатын. Олардың бір бөлігі бүгінде коммерцияландыру кезеңіне шыққан.
Бағдарлама Demo Day шарасымен аяқталады. Онда инвестиция тартуға және ауқымын кеңейтуге дайын, жан-жақты пысықталған стартаптар таныстырылады.
