Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО өнімдері Қорған қаласындағы жәрмеңкеде үлкен сұранысқа ие болды

СҚО өнімдері Қорған қаласындағы жәрмеңкеде үлкен сұранысқа ие болды

December 24, 2025 13:27

Солтүстік Қазақстан облысының өндірушілері Қорған қаласында өткен дәстүрлі Рождестволық жәрмеңкеде өңірдің әлеуетін сәтті таныстырды. Кәсіпкерлердің бұл сапары СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қорған облысының губернаторы арасындағы кездесуде қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Сапардың негізгі мақсаты – СҚО брендін сыртқы нарыққа шығарып өңіраралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақстандық өнімдерге деген сұраныс күткеннен де жоғары болды: жәрмеңке барысында Қорған тұрғындары шамамен төрт тонна өнім сатып алды.

Сауда сөрелерінде облыстың жетекші кәсіпорындарының кең ауқымды өнімі ұсынылды:

Азық-түлік өнімдері: сүт өнімдері, «Сұлтан ЭММК» ЖШС-нің макарон өнімдері және «Сұлтан Кондитер» ЖШС-нің кондитерлік жаңа өнімдер.
Ет өнімдері: «Максимальный размах» ЖШС-нің жартылай фабрикаттары.
Табиғи өнімдер: «Қабатов» ЖК және «Пальчик» ЖК ұсынған бал мен ара шаруашылығы өнімдері.
Өңірден естелік ретінде «Сувенирлер әлемі» ЖШС-нің кәдесый өнімдері ұсынылды.

Сауданың қолайлы өтуі үшін қабылдаушы тарап қазақстандық кәсіпкерлерге арнайы жабдықталған сауда орындарын тегін ұсынды.

Бұл кәсіпкерлерге өнімдерін таныстыруға толық көңіл бөлуге мүмкіндік берді.
Қорған тұрғындарының солтүстікқазақстандық өнімдердің сапасы мен экологиялық тазалығына жоғары қызығушылық танытуы тараптарды ынтымақтастықты кеңейтуге ынталандырды. Қазіргі уақытта Қорған қаласының Орталық базарында СҚО өнімдерін тұрақты түрде сататын нүкте ашу мәселесі пысықталуда.

«Бұл сапар Ресей Федерациясы нарығында біздің өнімдеріміздің жоғары әлеуетке ие екенін көрсетті. Тұрақты сауда алаңын ашу өңірлік брендтерді жүйелі түрде ілгерілетуге және қорғандықтарды біздің өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында.

Shares