Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО педагогтері білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізуді талқылады

СҚО педагогтері білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізуді талқылады

April 28, 2026 15:38

Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж базасында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының идеяларын үздіксіз білім беру жүйесіне енгізуге арналған облыстық семинар өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Алаңға 70-ке жуық педагог жиналды. Олардың қатарында әдіскерлер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арнайы пән оқытушылары, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйым педагогтері бар.

Кездесудің негізгі тақырыбы – балабақшадан колледжге дейінгі білім беру деңгейлерінің барлығында тәрбие жұмысының сабақтастығын қамтамасыз ету болды. Қатысушылар жалпыұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген біртұтас тәрбие ортасын қалыптастырудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ білім беру ұйымдары, отбасы және қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимыл жолдарын талқылады.

Семинар барысында бүгінгі таңда адал, еңбекқор, жауапты, белсенді азаматтық ұстанымы бар, ел тарихы мен мәдени мұрасына құрметпен қарайтын тұлғаларды тәрбиелеудің маңызы артып отырғаны атап өтілді. Дәл осы мақсатқа еліміздің барлық білім беру ұйымдарында енгізілген «Біртұтас тәрбие» («Адал азамат») бағдарламасы бағытталған.

Әдістемелік орталық директорының орынбасары Дианна Казбекованың айтуынша, бағдарламаны оқу-тәрбие процесіне кіріктіру мәселелері тәрбие жұмысын жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналып отыр.

«Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Адал азамат” бағдарламасын білім берудің барлық деңгейінде енгізу қажеттігін атап өтті. Семинар аясында біз оны іске асырудың практикалық тетіктерін қарастырдық, ал үш секцияның жұмысы педагогтерге нақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді», – деді ол.
Іс-шараның практикалық бөлімі оқыту мен тәрбиені ұштастыруға мүмкіндік беретін заманауи педагогикалық әдістемелерге арналды.

Ашық сабақтар, кейс-стади және кәсіби диалог форматында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің сыни ойлауын, жауапкершілігін және оқуға деген қызығушылығын дамытуға ықпал ететін әдістерді талқылады. Практикаға бағытталған  тәсілдер ерекше назар аудартты. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қазбек Қабдуллов «Адал азамат» бағдарламасы аясында қолданылатын «сот сабағы» әдісін таныстырды.

«Студенттер белгілі бір жағдайды талдап, судья, айыптаушы, қорғаушы және куәгер рөлдерін бөліседі. Олар мәселені жан-жақты саралап, өз ұстанымдарын дәлелдейді, пікірін қорғауды үйренеді және соңында ортақ шешімге келеді. Мұндай формат әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын тереңірек түсінуге көмектеседі», – деді педагог.

Қатысушылардың пікірінше, дәл осындай практикалық әдістер білім беру процесін жандандырып, тәрбие бағдарламасының мазмұнын жастар үшін түсінікті әрі тиімді етеді.

Shares