СҚО прокуратурасы кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласу дерегін тоқтатты

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметінде Кәсіпкерлік кодексінің өрескел бұзушылықтарын анықтады. Талдау барысында қадағалау органы жеке кәсіпкердің жұмысына заңсыз араласу фактісін тіркеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Анықталғандай, тараптар арасындағы дау азаматтық-құқықтық сипатта болғанына қарамастан, ведомство кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған. Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайларда мемлекеттік органдар әкімшілік тексеру бастауға құқылы емес. Прокурордың қаулысы бойынша департаменттің кінәлі лауазымды тұлғасы ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
«Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл сома 432 500 теңгені құрайды», – деп еске салды СҚО прокуратурасында.
Прокуратура органдары бизнестің құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өңір кәсіпкерлеріне мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз қысым көрсетілген жағдайда, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа тікелей жүгінуге болатыны ескертілді.
СҚО прокуратурасының мобильді тобының байланыс телефоны: +7 (771) 362-08-99.
