Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО тас жолында патрульдік полиция қызметкерлері «Газель» жолаушысының өмірін сақтап қалды

СҚО тас жолында патрульдік полиция қызметкерлері «Газель» жолаушысының өмірін сақтап қалды

January 29, 2026 15:51

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Көкшетау — Омбы» автожолында, Талшық пен Дәуіт ауылдарының арасында патрульдік полиция қызметкерлері бір адамның өмірін сақтап қалды. Кешкі сағат алты шамасында патрульдік экипажға қолы қанға боялған, қатты абыржыған «Газель» жүргізушісі жүгіріп келді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Белгілі болғандай, бос «Газель» көлігі Кішкенекөлден Көкшетауға қайтып бара жатқан. Талшық ауылынан кейін жолаушының жағдайы күрт нашарлаған. Жүргізушінің айтуынша, инсульт немесе эпилепсия белгілері байқалған. Ер адам тыныс ала алмай қалған. Жүргізуші қолдан келген көмегін көрсетуге тырысқанымен, ұстама кезінде жолаушы оның қолын қан шыққанша тістеп алған.

«Осыдан кейін жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек сұрады. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Ратбек Қисамиденов пен БПП инспекторы Ильяс Қайыргелді зардап шеккен азаматты қызметтік көлікке отырғызып, Талшық аудандық орталық ауруханасына қарай бет алды. Жол бойында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханамен байланыс орнатылды. Ер адамды көшеде күтіп тұрған медицина қызметкерлеріне аман-есен тапсырды.

Жүргізуші досының өмірін сақтап қалғаны үшін полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді. Ратбек Қисамиденов пен Ильяс Қайыргелді қызметтерін әрі қарай жалғастырды», — делінген СҚО ПД хабарламасында.

СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиевтің айтуынша, патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар күн сайын жолда жүрген азаматтарға көмектесіп, аязды күндері мен қолайсыз ауа райында талай адамның өмірін сақтап қалады. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың басым бөлігі полиция қызметінің жедел әрекетімен мен қызметкерлердің қарапайымдылығына байланысты көпшілік назарына ілінбей жатады.

Shares