СҚО түлектері «Түлектердің ағаш егу» республикалық экологиялық челленджіне қатысты

Солтүстік Қазақстан облысында мектеп түлектері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткен «Түлектердің ағаш егу» республикалық экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ауқымды эко-челлендж еліміздің барлық өңірін бір уақытта біріктіріп, жастардың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасының және елді мекендерді көгалдандыруға қосқан үлесінің символына айналды.
Игі бастамаға өңірдегі 9 және 11-сынып оқушылары қосылды. Мектеп аумақтарында, саябақтарда және қоғамдық кеңістіктерде түлектер ондаған көшет отырғызды. Көптеген қатысушылар үшін бұл акция тек экологиялық шара емес, туған жеріне ізгі із қалдырудың және өңірдің көркеюіне үлес қосудың мүмкіндігі болды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, оқушыларды табиғатты қорғау мәселелеріне тарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жас буынның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ел болашағына деген жауапкершілік сезімін арттыратынын атап өтеді.
Ағаш отырғызу іс-шаралары білім беру ұйымдарында жарияланған «Еңбекқорлық және кәсібилік айлығы» аясында өткізілуде. Бір ай бойы өңір мектептерінде оқушылардың тұлғалық дамуына, еңбекке, табиғатқа және мәдени мұраға құрмет қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Экологиялық акциялармен қатар халықаралық және ұлттық күндерге арналған, соның ішінде Кітап күні мен тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау шаралары да өткізіліп жатыр.
Экологиялық челлендж ел көлемінде кең қолдау тапты. Оған 100 мыңнан астам оқушы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Жасұлан Шарабасов қатысты.
