Жабық түрі және амбулаторлық ем: Петропавлда туберкулез анықталған студенттер қалай емделуде

Солтүстік Қазақстан облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты түрде жақсарып келе жатқаны байқалады. Бұл туралы QZ News редакциясына облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары хабарлады.
2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша сырқаттанушылық деңгейі 9,8 пайызға төмендеп, өткен жылғы 188 жағдаймен салыстырғанда 167 жаңа жағдай тіркелген.
Оң динамика балалар арасында да байқалады: кәмелетке толмағандар (0–17 жас) арасындағы ауру көрсеткіші 10 жағдайдан 6 жағдайға дейін азайған. Өлім-жітім көрсеткіші де 11,7 пайызға төмендеп, азаю үрдісін көрсетті.
Мамандар жастар арасындағы соңғы жағдайларға ерекше тоқталды. Еске салсақ, Kozybayev University студенттері арасынан екі адамнан туберкулез анықталған. Бірінші студент 2026 жылғы 21 қаңтарда белсенді туберкулез диагнозымен динамикалық бақылауға алынған. Екінші студент те 2026 жылғы 21 қаңтарда белсенді туберкулезбен динамикалық бақылауға алынған. Екі науқас та 2026 жылғы 14 қаңтарда белсенді туберкулезбен динамикалық бақылауға алынған туысымен тығыз отбасылық қарым-қатынаста болуына байланысты жүргізілген тексеру барысында анықталған.
«Екі студент те ауруханаға жатқызылмай, амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жатыр. Бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес рұқсат етілген, себебі оларда туберкулездің жабық түрі анықталған, яғни олар жұқпалы емес және айналасындағыларға қауіп төндірмейді. Бактерия бөлмейтін науқастар үй жағдайында емделе алады», — деп атап өтті орталық мамандары.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы студенттер арасында 3 жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есе көп — 6 жағдай болған.
Мамандар аурудың ерте, «жабық» кезеңде анықталуы тұрақты профилактикалық тексерулердің нәтижесі екенін еске салды.
