Жеңіс Асанов: «Мұғалімдер – өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын жандар»

Петропавл қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы Конституциялық реформаның мақсаты мен мазмұнын талқылау алаңына айналды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Педагогикалық ұжыммен кездесу ашық диалог форматында өтті. Мұғалімдер белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиынға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясының өңірлік филиалының өкілдері – Жеңіс Асанов, Ербақыт Амантай және Жадыра Жолкенова қатысты. Олар реформаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, оның құқықтық мемлекетті нығайтудағы, әділеттілік қағидаттарын дамытудағы және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын кеңейтудегі маңызын атап өтті.
«Мұғалімдер – өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын жандар. Сондықтан сіздердің ұстанымдарыңыз бен конституциялық өзгерістердің мәнін терең түсінуіңіз аса маңызды. Бұл – ел болашағы, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері заңмен қорғалатын әділетті әрі орнықты жүйе қалыптастыру мәселесі», – деді Жеңіс Асанов.
Ербақыт Амантай мен Жадыра Жолкенова өз сөздерінде институционалдық өзгерістерге тоқталды. Олардың айтуынша, ұсынылып отырған нормалар мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға және олардың өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ құқықтық мәдениет пен азаматтық белсенділік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикерлер мектептің Конституция мен заңға құрмет сезімін қалыптастырудағы рөлі зор екенін атап өтті.
