Швейцариялықтарға 13-ші зейнетақы төленетін болды
Швейцариялықтар 3 наурызда өткен референдумда зейнетке шығар жастың 66 жасқа дейін өсуіне қарсы болды және Швейцария кәсіподақтар бірлестігінің (SGB) зейнеткерлерге 12 айлық зейнетақыға қосымша 13-ші зейнетақы төлеу туралы бастамасын мақұлдады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Euronews жазғандай, референдум нәтижесі – зейнеткерлердің тарихи жеңісі.
Қазір құрметті еңбек демалысындағы Альпі елінің тұрғындары мемлекеттен 2550 еуро алады. Швейцариялықтардың айтуынша, бұл қалыпты өмір сүру үшін жеткіліксіз, әсіресе, ірі қалаларда тапшылық сезіледі.
Билік зейнетақы төлемдерін ұлғайту бюджетке қымбатқа түсетінін ескертті. Референдум барысында сайлаушылар зейнетке шығар жастың 66 жасқа дейін өсуіне қарсы болды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша SGB бірлестігінің 13-ші зейнетақы бастамасын азаматтардың 58,2% қолдады. Зейнетке шығар жасты 66 жасқа дейін көтеру – “Еркін демократиялық партия. Либералдар” жастар қанатының ұсынысы. Бұдан референдумға қатысушылардың 74,7% бас тартты.