Солтүстікқазақстандық Анатолий Гриднев Шал ақын ауданында бірнеше нысанды қалпына келтіріп, тұрғызуға көмектесті
Шал ақын ауданына қарасты Сергеевка қаласында тұратын Анатолий Гриднев “Қазсушар” РМК СҚФ жетекші инженері болып жұмыс істейді. Оның тәжірибесі толысқан, өте шебер адам. Мұндай екінің бірінің қолынан келмейді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Анатолий Петрович 1981 жылдан 1989 жылға дейін Петропавлдағы жобалау институтында сәулетші болып жұмыс істеді, 1993 жылы облыстық сәулет басқармасының бас инженері лауазымына тағайындалды, содан кейін Шал ақын ауданына жұмысқа ауыстырылды. Онда Анатолий Гриднев аудан аумағындағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына жауапты бөлімді басқарды. Бұл 1998 жыл еді.
“Қираған үйлер өте көп болды, сондықтан оларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналыстық. Кітапхана ғимаратын, балалар шығармашылық үйін, мұражайды, полиция бөлімін ретке келтіріп, мешіт пен шіркеу салдық. Бұған дейін ғимараттардың тек қабырғалары тұрды, өйткені олар 10 жыл бойы жұмыс істемеген еді. Жергілікті билікке, өз үлестерін қосқан және қаржылық қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Сол кезеңде абаттандырумен де көп айналыстық. Жұмыс көп болды. Менің эскиздерім бойынша аудан шекарасындағы кіреберіс аркалар жасалды”, – деді Анатолий Гриднев.
Ол кезде мамандардың жетіспеушілігінен жұмыс істеу қиын болды, дейді Анатолий. Оның қарамағында бірнеше ғана адам болған, сондықтан ол басталған жобаларды соңына дейін жеткізу үшін көп жұмыс істепті.
“Мен көп нәрсені өзім істедім, материалдар үшін Петропавл мен Қостанайға жиі бардым. Алғаш рет стадионға жасанды жабын төседік. Екі апта тер төктім, жұмысты әдемі және сапалы орындау үшін бәрін өлшедім. Қиындық болды. Бұған бірінші себепші – ауданда мамандардың аздығы”, – деп атап өтті сұхбаттасушы.
Анатолий Петрович жұмыс істеген жылдары мол білім мен тәжірибе жинақтап, құрылыс саласындағы әріптестерінің құрметіне ие болды. Тәжірибелі маман әлі демалмақ емес. Оған әкімдік қызметкерлері жиі келеді. Тараптар Шал ақын ауданында жаңа нысандар салу жайын талқылап, жастар жағы аға буын өкілінен ақыл-кеңес алады.