СҚО ірі қытайлық компаниялармен 7 меморандумға қол қойды

Қытай Халық Республикасында Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының ресми сапары өтіп жатыр. Бұл сапар өңірдің экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарын нығайтудың маңызды кезеңіне айналды. Сапар Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышевтің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бейжіңде ҚХР-дың ең ірі мемлекеттік және жеке компанияларымен, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталықтарымен келіссөздер өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша жетекші мемлекеттік әрі жеке компаниялармен және зерттеу орталықтарымен жеті стратегиялық ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Негізгі оқиғалардың бірі облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің CITIC Construction Co., Ltd. компаниясының президенті Ян Цзяньцян мырзамен кездесуі болды. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тау-кен өнеркәсібіндегі жобалар да қамтылатын бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. 2026 жылдан бастап өңірде «Asyl Shugar» ЖШС CITIC Construction компаниясымен серіктестікте қант зауытының құрылысын бастайды. Екі компания арасында стратегиялық келісімге қол қойылды.

Өңір билігі қол қойылған меморандумдар СҚО экономикасының негізгі секторларына инвестициялар мен технологияларды тартуға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай бірлескен ғылыми-аграрлық орталығын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба өңірлік мемлекеттік агросектор инвестициялық холдингі, Henan Agricultural Investment Group Co., Ltd және М. Қозыбаев атындағы СҚУ серіктестігінде жүзеге асырылады. Орталық агротехнологияларды трансферлеу, қолданбалы зерттеулерді дамыту және ғылым, білім мен бизнесті біріктіретін платформаға айналады.
