Петропавлда Қазақстанның 4 қаласынан келген пациенттерге күрделі эндоваскулярлық операциялар жасалды

Петропавлдағы Көпсалалы облыстық ауруханада Астана мен Алматыдан келген жетекші мамандардың қатысуымен екі күндік шеберлік сабағы өтті. Оның аясында күрделі гибридті эндоваскулярлық операциялар жасалды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Екі күн ішінде Астана, Көкшетау, Қарағанды және Петропавл қалаларынан келген 8 пациентке (жеті әйел және бір ер адам) операция жасалды.

Әйелдерге — кіші жамбас көктамырларының варикозы, ал ер адамға — варикоцеле диагнозы қойылған. Шеберлік сабағының ерекшелігі — бір пациентке бірден екі медициналық қызметті: эндоваскулярлық араласу мен склеротерапияны қатар жасау мүмкіндігі.
«Бұл шеберлік сабағының бірегейлігі — бір науқасқа бір мезетте екі медициналық қызмет көрсете алдық, яғни эндоваскулярлық араласу мен склеротерапияны бірге жүргіздік. Біздің ауруханада мұндай операциялар жылына 40–50 рет орындалады», — деді ангиография бөлімінің меңгерушісі Сергей Руцкий.
Операция жасалған барлық пациенттердің жағдайы жақсы, олар 5–6 күн ішінде үйлеріне шығарылады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында мұндай күрделі операциялар тегін жасалады және тек СҚО тұрғындарына ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген пациенттерге де қолжетімді.
