Петропавлда полиция қолайсыз отбасынан үш баланы уақытша алып кетті

Солтүстік Қазақстан облысының ювеналды полициясы күшейтілген профилактика аясында ата-ана міндетін орындамаудың кезекті ауыр жағдайын анықтады. Петропавлдағы бес баласы бар отбасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайда табылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия өкілдерімен бірге жүргізілген жоспарлы тексеріс кезінде 44 жастағы ата-аналар мас күйінде болған. Тамыз айынан бері есепте тұрған отбасы 6, 12 және 15 жастағы үш баласымен бірге тұрады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша әжесінің үйіне орналастырылды. Полиция ата-ана міндетін орындамау дерегі бойынша материал жинап жатыр. Бұл материал ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау үшін комиссияға жіберілмек.
Өңірде профилактикалық жұмыс «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді әрекет» республикалық акциясы және «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілді. Ювеналды полиция рейдтері апта сайын өткізіледі.

«Қаңтар айынан бері құқық қорғау органдарының көмегімен комиссияда 164 отбасының жағдайы қаралды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 27-ге артық. Ерекше назар бұрын отбасылық жанжалдар бойынша шақырулар түскен отбасыларға аударылады», — дейді полицейлер.
Жұмыс балаларды қорғауға бағытталған: қолайсыз отбасыларға психикалық денсаулық орталығында емделу және атаулы әлеуметтік көмек алу сияқты жан-жақты қолдау ұсынылады. Ата-ана құқығынан айыру — көбіне алкогольге тәуелділік салдарынан, балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген ең күрделі жағдайларда ғана қолданылатын шара.
Полиция әрбір ата-ананың құқығын қалпына келтіруге мүмкіндігі бар екенін атап өтті, ал биыл 5 қолайсыз отбасы түзелу жолына түскен.
