СҚО әкімі Мамлюткадағы су тапшылығының себебін түсіндірді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мамлютка тұрғындары уақытша су тапшылығын бастан өткерген жағдайға түсінік берді. Айтуынша, мәселе топтық су құбырына жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты туындаған, деп хабарлайды QZ NEWS.
Әкімнің айтуынша, СҚО-да су жабдықтау жүйесін дамытуға рекордтық қаражат бөлінген: 74 млрд теңге, оның 49 млрд-ы – қайтарылған активтер есебінен. Бұл қаражат ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталуда. Алайда өңірде топтық су құбырларына қатысты желілердің жағдайы мен жөндеу жұмыстары бойынша мәселелер бар.
Мамлюткадағы жағдай Преснов топтық су құбырына қатысты жұмыстар кезінде, оны жүргізген «Дәнекер» ЖШС-інің қателігі салдарынан орын алған.
«Қосылу барысында оларда ақау шыққан, соның салдарынан су магистральдық желілерге, ішкі тарату желілеріне түспеген. Мердігер апатты жойғанға дейін халыққа су жеткізу жедел түрде ұйымдастырылды», – деп түсіндірді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, мердігер ұйым аудан әкімінің бақылауымен тәулік бойы жұмыс істеп, ақауды толық жойғаннан кейін Мамлюткаға су беру қалпына келтірілді және қазір тұрақты режимде жүзеге асырылып отыр.
