Петропавлда SKO Hub-тың 3D-зертханасы жас инженерлер үшін жаңа мүмкіндіктер орталығы

Петропавл қаласындағы аймақтық IT-хаб SKO Hub базасында заманауи 3D-зертхана табысты жұмыс істеп келеді. Ол цифрлық прототиптеудің толық циклін қамтитын технологиялармен жабдықталған және 3D-фотограмметрия, 3D-модельдеу, инженерлік прототиптеу және әртүрлі материалдардан 3D-басып шығару бағыттары бойынша жұмыс істейді. Зертхана инженерлерді тартатын орталыққа айналып, білім беру, зерттеу және стартап-жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қазан айында осы зертхана базасында инженерлік 3D-прототиптеу бойынша алғашқы Bootcamp ұйымдастырылып, оған 10 жас әзірлеуші – студенттер, жас инженерлер мен стартап-экожүйе өкілдері қатысты.
Қатысушылар 3D-модельдеу мен конструктивтік жобалаудың негіздерін меңгеріп, модельдерді баспаға дайындау және өндірістік 3D-принтерлермен жұмыс істеу дағдыларын игерді, өз прототиптерін жасап, жобаларын SKO Hub сарапшыларына таныстырды. Қатысушылардың бір бөлігі зертханада тағылымдама форматында жұмысын жалғастырды.

3D-басып шығару жөніндегі маман Алексей Захаров зертханада практикалық жобаларға белсенді қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Жақында 3D-принтерлердің бірінде тасымалданатын повербанк жобасы іске асырылды, сондай-ақ робототехника сабақтарына арналған бөлшектер мен оқу элементтерін жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», – деп бөлісті Алексей Захаров.
Ерекше назар 2025 жылы бастау алған «3D Mura» атты өңірлік бірегей жобаға аударылуда. Жобаның мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысының тарихи ескерткіштерін цифрландыру және 3D-басып шығару.

Қазіргі таңда 7 ескерткіш цифрландырылып, 100-ден астам көшірме жасалды. Алдағы жоспарларда жобаны Қазақстанның басқа өңірлеріне кеңейтіп, мәдени нысандардың ұлттық цифрлық архивін қалыптастыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, «Digital Qyzyljar» өңірлік форумында СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев бұл жобаны атап өтіп, оның маңыздылығын жеткізді.

«Қазір біз бұл сыйлықтарды облыс басшылары мен қонақтарына табыстап жүрміз. Сондықтан осындай бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді Руслан Әлішев форум барысында.
SKO Hub-тың 3D-зертханасы өңірдің инженерлік-технологиялық құзыреттерін одан әрі нығайтып, білім беру бағдарламаларын дамытып, цифрлық өндіріс саласындағы жаңа зерттеу бағыттарын ашып, стартап-жобаларды қолдауды жалғастырады.

