Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл полицейлері зергерлік бұйымдар ұрлығын өрт қою арқылы жасырмақ болған қылмысты ашты

Петропавл полицейлері зергерлік бұйымдар ұрлығын өрт қою арқылы жасырмақ болған қылмысты ашты

December 9, 2025 17:00

Петропавл қаласының криминалдық полиция қызметкерлері «Галактика» сауда үйінде жасалған күрделі қос қылмысты ашты. Онда қаскүнем зергерлік бұйымдарды ұрлауды жасыру үшін әдейі өрт қойған, деп хабарлайды QZ NEWS.

Оқиға 4 желтоқсан күні таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Алғашында «Галактика» Сауда үйіндегі өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болды деп болжанған. Алайда жедел уәкілдер өрттен ең көп зардап шеккен орын дәл зергерлік шеберхана болғанын байқап, күдік туындаған.

Тәртіп сақшылары сауда үйінің маңындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, өрт шыққанға дейін ғимараттың қарсы бетінде орналасқан бос сауда орнына түйіншек жасырып кеткен күдікті ер адамды анықтады. Түйіншектің ішінен құны 1 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдар табылды. Қосымша тексеру барысында үй-жайға қасақана өрт қойылғаны расталды.

Жедел қызметкерлердің болжамынша, бейнежазбалар арқылы анықталған куәлардың пайда болуына байланысты қаскүнем ұрланған заттарды бірден алып кете алмаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрлық және бөтен мүлікті қасақана жою дерегі бойынша бұрын сотталған, жасы 32-дегі петропавлдық тұрғын ұсталды. Ол қамауға алынды, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Shares