Петропавлда ауқымды әскери-спорттық ойындар өтті

Петропавл қаласындағы №7 орта мектепте әскери-спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылардың садақ ату және пневматикалық мылтықтан оқ ату шеберлігі, қаруды жинау және бөлшектеу, сондай-ақ күштік жаттығуларды орындауы бағаланды. Байқауға тек оқушылар ғана емес, олардың тәлімгерлері де қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Бастапқы әскери дайындық бүгінде жай ғана мектеп пәні емес, оқушылардың өмір салтына айналған. №7 мектепте сабақ өткізуге арналған шағын әскери макеттер музейі бар кабинетпен қатар, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған тир жұмыс істейді. Мұнда жүгіру жолы, спорттық құралдар, садақ атуға және пневматикалық мылтықтан оқ атуға арналған алаң бар. Бұл істің бастауында ұстаз Қуаныш Ермішев пен мектеп әкімшілігі тұрды.

Әскери-патриоттық шараға IT-лицей мен №2 мектептің оқушылары өз ұстаздарымен бірге қатысты. Жарыс төрт кезеңнен тұрды, соның бірі – бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдері арасындағы сайыс болды. Бұл кезеңде IT-лицейдің мұғалімі Тастемір Тасболат үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Ұстаздарының үлгісінен шабыт алған Петропавл қаласындағы әскери-патриоттық клубтардың жасөспірімдері де өз шеберліктерін көрсетті. Оқушыларға автоматты жылдам жинау және бөлшектеу, садақ ату, пневматикалық мылтықтан оқ ату және турникке тартылу бойынша сынға түсу тапсырылды.

«Заңның күші мен мергендік» атты әскери-спорттық іс-шара «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» құндылығы аясында өткізілді. Шара білім алушылардың құқықтық санасын, тәртіптілігін және патриоттық рухын қалыптастыруға бағытталған», – деп мәлімдеді №7 мектеп әкімшілігі.
Қатысушылардың өнерін қазылар алқасының білікті мүшелері мен құрметті қонақтар бағалады. Олардың қатарында Петропавл қаласының прокуроры мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар болды. Жарыс қорытындысы бойынша №2 мектеп командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды IT-лицей, ал үшінші орынды №7 мектептің клубы иеленді.
