Петропавлда 2026 жылы патриоттық сквер салу жоспарлануда

Қаланың есептік кездесуінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің есеп беру кездесуінде облыс орталығының тұрғыны Шамиль Шакиров ескі зираттағы тарихи жадыны сақтау мәселесін көтерді. Ол Мүсірепов көшесінде орналасқан госпитальдік жерлеу орнына қатысты түсініктеме беруді сұрады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамдардың жүрегінде терең жара қалдырды. Петропавл үш бірдей госпитальда қызмет еткен дәрігерлердің ерлігі мен жанқиярлық еңбегінің куәсі болды. Олар жараланған жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Көптеген күрделі операцияларға және барынша жасалған күш-жігерге қарамастан, кейбір сарбаздардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Петропавлдағы бауырластар зираты олардың мәңгілік тыныс тапқан мекеніне айналды.

Сол кезеңде қаладағы үш госпитальда бес медицина ғылымдарының кандидатын қоса алғанда, 63 дәрігер еңбек еткен. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 447 жауынгер алған жарақаттарынан көз жұмды. Бауырластар зираты Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан ескі қалалық зират аумағында орналасқан. Айта кетейік, мұнда христиан дінін ұстанған және мұсылман жауынгерлердің, ұшқыштар экипаждарының бауырластар зираты, сондай-ақ зираттың ортасында генерал-майор Михаил Семенович Шмыровтың қабірі бар. Зират аумағында мүсіндік ескерткіштер мен қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған мемориалдық тақталар орнатылған.
Ұзақ уақыт бойы бұл аумақтың тазалығын қоғамдық ұйым өкілдері мен еріктілер тұрақты түрде өткізілген сенбіліктер арқылы қамтамасыз етіп келді.
«Қазіргі таңда бұл аумақты ретке келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Біз мұнда адамдар серуендеп, мемориалдарға келіп, осы жерде жерленген батырларға құрмет пен тағзым жасай алатын саябақ аймағын жасауды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті қала әкімі.
Қала басшысы биыл қаржылық жағдайдың күрделілігіне байланысты жобаны іске асыру мүмкін болмағанын, алайда жұмыстарды 2026 жылы бастау жоспарланып отырғанын түсіндірді.
