Жолдардан IT-хабтарға дейін: Уәлиханов ауданы қалай өзгеріп жатыр

Уәлиханов ауданы ауқымды жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Жұмыс сапары аясында СҚО әкімі жаңа автожолдардан бастап цифрлық хабтарға дейінгі негізгі нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Ауданда жол мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болып келді. Соңғы 30 жылда алғаш рет кешенді жөндеу жұмыстары басталды. Биыл ең күрделі учаскелердегі 150 шақырым жол жөндеуден өтті.
«Атап айтқанда, Кішкенекөл – Бидайық бағытында 48 км, Телжан – Мортық – Тілеусай – Қаратерек жолында 60 км жөнделді. Чехов – Молодая Гвардия бағыты бойынша 26 км жолға жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Дәуіт пен Кішкенекөл аралығындағы Көкшетау – Омбы тасжолының 57 км учаскесінде, сондай-ақ Чкалов ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 54 км жолда жұмыстар басталды», – деп жазды СҚО әкімі.

Аудан орталығында бір ауысымда 250 адамды қабылдауға есептелген, стационары бар заманауи емхананың ашылуына дайындық аяқталды. Жоба аясында науқастарды жатқызуға арналған стационар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық қажетті рәсімдерден өткеннен кейін нысан 2026 жылдың наурыз айында толыққанды жұмысын бастайды.
Ауданда тағы бір IT-орталық ашылды. Бұл — SKO Hub базасында құрылған екінші заманауи хаб. Ол стартап-жобаларды қолдауға және жастарды заманауи IT-технологияларға оқытуға арналған алаң болады.

Аудан 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтылды. Сонымен қатар «Бәйтерек» қосалқы станциясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бұл соңғы 67 жылда алғаш рет қолға алынып отыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін халқы 4 мыңнан асатын 17 елді мекен тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.

