Ғауез Нұрмұхамбетов сәбилер үйіндегі жаңа жылдық ертеңгілікке қатысты

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жаңа жыл қарсаңында Сәбилер үйінің тәрбиеленушілерін құттықтап, мерекелік ертеңгілікке қатысты. Өңір басшысы бүлдіршіндердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, 2026 жылы мекемені ауқымды түрде жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мерекелік іс-шара жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Облыс әкімі Балалар үйінің ұжымымен әңгімелесіп, медицина қызметкерлері мен педагогтарға қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.

Өңір басшысы балалардың тұру жағдайына ерекше назар аударды.
«Келесі жылы мекемеде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Балалар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі маңызды. Жаңа жыл әр балаға қуаныш, мықты денсаулық әкелсін, ең бастысы — әрбір бала сүйіспеншілік пен қамқорлыққа бөленіп, нағыз отбасының жылуын сезініп өссін», — деп атап өтті өңір басшысы.

