Ғ. Мүсірепов атындағы аудан жастарына «Закладчики» деректі фильмі көрсетілді

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Мәдениет үйінде студенттер мен оқушыларға арналған ауқымды профилактикалық кездесу өтті. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға заң бұзушылықтың салдары туралы ашық әңгімеге 80 жас қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Кездесудің негізгі бөлігінде «Закладчики» деректі фильмінің көрсетілімі болды. Фильм «жеңіл табысқа» ұмтылудың қалайша тағдырларды күйретіп, ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасына әкелетінін айқын көрсетеді. Жастардың есірткі бизнесіне тартылуы туралы шынайы оқиғалар көрермендерге зор әсер қалдырды.

Фильм көрсетілімінің алдында Жастар ресурстық орталығының директоры сөз сөйлеп, есірткінің зиянының медициналық қырларымен қатар, заң алдындағы жауапкершілікке де ерекше назар аударды.
“Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бүгінде есірткі бизнесі орындаушыларды табу үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып отыр. Біздің міндетіміз — жастарды осындай тұзақтарды танып-білуге үйрету», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Кездесу барысында есірткі тақырыбымен қатар, жастар арасындағы буллингтің және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де талқыланды. Іс-шара соңында әрбір қатысушыға пайдалы байланыстар мен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері көрсетілген ақпараттық буклеттер таратылды.
