«AMANAT» партиясында ерекше балалар мен көпбалалы отбасылардың балаларына арналған жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды

«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында ерекше балалар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балдырғандарға арналған мерекелік кездесу өтті. Іс-шара қоғамдық қабылдауда түскен азаматтардың өтініштеріне жауап ретінде ұйымдастырылып, жарқын жаңа жыл алдындағы мерекеге ұласты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Партия өкілдері кішкентай қонақтар үшін нағыз ертегі сыйлады. Дәстүрлі кейіпкерлер — Аяз ата мен Ақшақардың рөлін Жастар ресурстық орталығының белсенділері сомдап, балаларды ойындар, әндер мен би-шеруі бар мерекелік бағдарламаға тартты. Ерекше қажеттілігі бар балаларға айрықша көңіл бөлініп, олар үшін барынша қолайлы әрі инклюзивті орта қалыптастырылды.
Кездесу соңында жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — сыйлық беру ғана емес, отбасылардың қиындықтарымен жалғыз қалмағанын көрсету.
«Қоғамдық қабылдауға отбасылар әр түрлі мәселелермен жүгінеді. Біз үшін тек проблемаларды шешуге көмектесу ғана емес, осындай қуанышты сәттерде де бірге болу маңызды. Балалар — біздің ең басты құндылығымыз. Әрқайсыңыздың алда қуанышты күндер мен жаңа мүмкіндіктер күтіп тұрғанына сенеміз», — деді «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Партия өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қабылдаудың жұмысы тек кеңес берумен шектелмейді — бұл ашық диалог, оның нәтижесінде осындай жылы қайырымдылық акциялары жүзеге асады.
