«Назар аударыңыз – көктайғақ!»: СҚО-да жүргізушілерге жол қауіпсіздігі ескертілді

Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол! Назар аударыңыз – көктайғақ!» атты ауқымды профилактикалық акция өтті. Облыстық прокуратура, полиция департаменті, әкімдік пен еріктілер қала тұрғындарына жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қыс – тек мереке мен көңіл көтеру уақыты ғана емес, сонымен қатар жолдардағы қауіптің артатын кезеңі. Акцияға қатысушылар солтүстікқазақстандық жүргізушілермен осы тақырыпта әңгіме өрбітті.
«Жыл басынан бері 11 айдың ішінде өңірде 542 жол-көлік оқиғасы тіркелді. ЖКО салдарынан 47 адам қаза тауып, 710-нан астамы жарақат алды», – деді СҚО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Алмас Асаинов.

Құқық қорғау органдары қыс мезгілінде жолдағы негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды:
• қысқы шиналарды пайдалану;
• тайғақ жолда күрт маневрлер мен шұғыл тежеуден бас тарту;
• арақашықтықты сақтау;
• белгіленген жылдамдық режимін ұстану;
• алкогольдік мас күйде көлік басқармау.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілермен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ солтүстікқазақстандықтарға таймайтын аяқ киім кию және киімге жарық шығылыстырғыш элементтер тағу ұсынылды.

Жалпы акция барысында 5 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.
