Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы туралы: «Қазақстан серпінді дамып келе жатқан экономикасы бар табысты мемлекет ретінде қалыптасты»

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік құрылыс жолындағы аралық нәтижелерді қорытындылап, Қазақстанның тарихи даму жолы жөніндегі көзқарасымен бөлісті. Президенттің айтуынша, сүрлеуі көп, қателіктерге толы жолға қарамастан, еліміз табысты мемлекет ретінде қалыптасты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«1990-жылдардың басында шетелде қазақтардың қолынан ештеңе келмейді деген пікір болған. Себебі демографиялық жағдай, кеңестік саяси және экономикалық мұра табысты мемлекеттік құрылысқа қолайлы емес деп саналды. Алайда өмір шындығы бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан серпінді дамып келе жатқан экономикасы және халықаралық деңгейдегі беделді ұстанымдары бар табысты мемлекет ретінде қалыптасты. Дегенмен, алда тәжірибелі мамандар мен жастар бірлесе атқаратын ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
