СҚО-да Шоқыну мерекесінде суға түсуге арналған 19 ресми орын белгіленді

Қасиетті Шоқыну мейрамын атап өту кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы Петропавл қаласында өткен СҚО ӨКҚ брифингінде СҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Даурен Таубаев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді іс-шаралар дайындады. Биыл облыстың су айдындарында суға түсуге арналған 19 ресми орын белгіленді. Оның ішінде біреуі Петропавл қаласында — Қара көлде орналасқан.
Ашық су айдындарынан бөлек, облыс аумағында тікелей шіркеулер мен соборларда 8 купель және қасиетті су алуға арналған 26 орын (шіркеулер, соборлар мен приходтар) жұмыс істейтін болады.
«Барлық ресми нүктелерде жедел әрекет ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Жалпы саны 231 жеке құрам қызметкері мен 89 бірлік техника жұмылдырылады.Олардың қатарында ТЖД құтқарушылары, полиция қызметкерлері және медицина мамандары бар», – деді Даурен Таубаев.
СҚО ТЖД мұздай суда қауіпсіздік ережелерін сақтамау өмірге қауіпті екенін еске салады.
Құтқарушылардың ұсынымдары:
Тек арнайы жабдықталған, мамандар кезекшілік ететін орындарда ғана суға түсіңіз.
Суға баяу кіріп, міндетті түрде тұтқалардан ұстаңыз.
Суға түсер алдында денені жылыту үшін жеңіл жаттығулар жасаңыз.
Суда барынша аз уақыт болып, шыққан соң дереу сүлгімен сүртініп, жылы киім киіңіз.
Қатаң түрде тыйым салынады:
Алкогольдік мас күйде су жағасында болуға және суға түсуге.
Жүгіріп келіп немесе баспен төмен секіруге.
Балаларды ересектердің қарауынсыз бір сәтке де қалдыруға.
Құтқарушылар мұз ойықтарын өз бетінше ұйымдастыруға тыйым салынатынына ерекше назар аударады. Мұзды бүлдіруге және жабдықталмаған орындарда рұқсатсыз суға түсуге болмайды. Мереке күндері профилактикалық рейдтер жүргізіледі. Белгіленбеген орындарда мұзға шыққан құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік (айыппұл) қарастырылған.
