DIGITAL AIMAQ: Есіл ауданының Корнеевка және Покровка ауылдарында IT-орталықтар ашылды

Солтүстік Қазақстан облысы ауылдық аумақтарды цифрлық трансформациялау бағытындағы көшбасшы мәртебесін нығайта түсуде. Qyzyljar Creative Center және SKO Hub жүзеге асырып жатқан ауқымды DIGITAL AIMAQ жобасы аясында Есіл ауданының Корнеевка және Покровка ауылдарында жаңа креативті орталықтардың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бұған дейін Николаевка ауылында іске қосылған алаңды ескерсек, Есіл ауданы ауылдық округтердегі цифрлық хабтар саны бойынша өңірдегі алдыңғы қатарлы ауданға айналды. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында Сергеевка, Кішкенекөл, Явленка, Талшық, Смирново, Пресновка және Тимирязево елді мекендерінде де осындай орталықтар жұмыс істеп тұр.

Жобаның негізгі миссиясы – қала және ауыл жастары үшін тең мүмкіндіктер ұсыну. Жаңа орталықтарда оқушылар робототехниканы, дрондарды бағдарламалауды, графикалық дизайнды және деректерді талдауды үйренуге арналған заманауи жабдықтарға қол жеткізеді.
Орталықтардың қызметі цифрлық құзыреттерді дамытуға, жастар стартаптарын қолдауға және ауыл жастарының заманауи технологиялық экономикаға бейімделуіне көмектесетін акселерациялық бағдарламаларды іске асыруға бағытталған.

Орталықтардың ашылуына облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол бұл жоба жоғары технологияларды жастардың тұрғылықты жеріне тікелей жеткізу арқылы қалыптасқан стереотиптерді бұзып отырғанын атап өтті.
«Мұнда роботты қолмен ұстап көруге, алғашқы ойыныңа код жазуға, дронды бағдарламалауға немесе жасанды интеллект әлеміне енуге болады. DIGITAL AIMAQ жобасы стереотиптерді бұзады: енді жоғары технологиялар ауыл жастары тұратын жерлерде де қолжетімді. Бұл орталықтардың тарихында ерекше деректер бар. Корнеевкадағы орталық қайта жаңғыртылған Мәдениет үйінің базасында жұмыс істейді. Ашылу салтанатында Австриядан келген пастор ауылдық жерде мұндай заманауи IT-орталықтарды тіпті Еуропада да көрмегенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл орталықтар тәрбиелік қызмет те атқарады – олардың атаулары тарихи орындардың есімімен байланысты, ал аға буын өкілдері жастармен олардың кеңістігінде, олардың тілінде байланыс орната алады», – деп жазды Руслан Әлішев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін мұндай креативті орталықтар облыстың барлық аудандарында ашылады.
