Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға жеке аккаунт ашуға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға жеке аккаунт ашуға тыйым салынуы мүмкін

January 21, 2026 13:09

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2026 жылғы 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында министрлік дайындап жатқан ақпарат саласындағы заңнамалық түзетулер туралы айтты, деп хабарлайды QZ NEWS Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Аида Балаеваның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасын табады.

«Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді ол.

Министрдің сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеген.

«Аталған түзетулер сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды. Оларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын белгілеу жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар заңнамалық деңгейде онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы жарнамалық кірістерді бөлу тәртібін реттеу, сондай-ақ жекелеген тауар түрлеріне қатысты жарнамаға қойылған тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндігі қарастырылмақ.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған азаматтарға жеке аккаунт ашуға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл шаралар балалардың әлі толық қалыптаспаған психикасын зиянды контенттен қорғауға бағытталған.

Еске салайық, кеше Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев сөз сөйлеп, ұрпақтар арасындағы алшақтыққа назар аударды. Оның айтуынша, «зумерлер» (Z ұрпағы) ересектерді дұрыс түсіне бермейді. Ол қазақстандық балаларда «клиптік ойлау» қалыптасып, аналитикалық қабілеттердің жеткілікті деңгейде дамымай жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Сергей Пономарев 14–16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Shares