Парламент Құрылтайға айналады: Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік институтқа тарихи атауды қайтаруды ұсынды

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаның негізгі параметрлерін жариялады. Мемлекет басшысы болашақ Парламентке «Құрылтай» атауын бекітуді ұсынып, оның халық үшін терең тарихи мәні бар екенін атап өтті, деп хабарлайды QZ News.
«Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа органның құрылымына да ерекше назар аударды. Халық қалаулыларының санын 500-ге дейін арттыру жөніндегі ұсыныстарға қарамастан, жұмыс тобы неғұрлым ықшам әрі тиімді құрамға тоқталды.
«Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылаулар жүргізгенін де айтты. Нәтижесінде Парламенттегі мандаттар саны 145 болуы тиіс деген қорытындыға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитеттер саны 8-ден аспауы қажет.
