«Орасан зор қаржы қаражаты жай ғана талан-таражға салынуда», — Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық сақтандыру қорының тексеру нәтижелерін жариялады

Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бірқатар резонансты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы кешенді тексеру барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жұмысында жаппай заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады, деп жеткізеді QZ News тілшісі.
Президенттің айтуынша, ӘМСҚ жүйесінде бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруға бағытталған «үйреншікті қосып жазулар» мен құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталған.
«Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.
Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал.
“Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді.», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
