Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстан Республикасының Президенті: «Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ»

Қазақстан Республикасының Президенті: «Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ»

January 20, 2026 13:23

Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға қазіргі қоғамның құндылықтары туралы маңызды мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік бос айқай сөздермен емес, нақты істермен өлшенеді, деп хабарлайды QZ News.

Мемлекет басшысы ұлттық мүддені жеке пайдасы үшін пайдаланатындарға қатысты қатаң пікір білдірді.

«Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық », – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ қазіргі Қазақстан үш негізгі тірекке сүйенуі тиіс екенін атап өтті: «Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осындай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса назар аударуымыз керек».

Бұл құндылықтарды қалыптастыруда Президент отбасы мен мектепке ерекше рөл жүктеп, оларды мемлекеттің үнемі ерекше назарында болуы тиіс іргелі институттар деп атады.

Shares