Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу бойынша қандай жобалар қолға алынған

СҚО-да оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу бойынша қандай жобалар қолға алынған

January 28, 2026 13:00

Креативті орталық базасында білім беру үдерісіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізуге арналған облыстық семинар өтті. Кездесудің басты мақсаты – алдағы уақытта оқушыларды әлемдік деңгейдегі цифрлық сауаттылыққа оқытуы тиіс мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО білім басқармасының әдістемелік жұмыс орталығының директоры Роза Сәркеннің айтуынша, қазіргі таңда облыста нейрожелілерді белсенді қолданатын және өз тәжірибесін әріптестеріне таратуға дайын педагогтер қауымдастығы қалыптасып келеді. Өткен оқу жылынан бері білім беру үдерісінде жасанды интеллектті пайдалануға бағытталған «AI – USTAZ» өңірлік жобасы жүзеге асырылып жатыр.

«Семинарға өз жұмысында жасанды интеллектті белсенді қолданатын педагогтер мен әдіскерлер қатысып отыр. Біз олардың тәжірибесін таратып, келесі педагогтерді оқытып жатырмыз. Сондай-ақ AI-Metod Hub SKO атты жобамыз бар. Бұл жоба педагогтерге әдістемелік қолдау көрсететін әдіскерлерді қолдауға бағытталған», – дейді Роза Сәркен.

Семинарда «Болашақ ұрпақ» жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба аясында 2029 жылы өтетін халықаралық PISA зерттеуіне стратегиялық дайындық жүргізіледі. Аталған зерттеу шеңберінде алғаш рет оқушылардың жасанды интеллект саласындағы сауаттылығы бағаланатын болады.

Сондай-ақ педагогтер алдында бірқатар спикерлер сөз сөйлеп, кеңінен қолданылатын жасанды интеллект құралдары, нейрожелілер мен қосымшалар туралы баяндады.

Семинардың қорытындысы ретінде SKO HUB өңірлік филиалымен меморандумға қол қойылды. Бірлескен іс-шаралар жоспары облыстағы әрбір мектепке креативті индустриялар мен инновацияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Shares