Петропавлда полиция саяжайда тұрып жатқан балалардың жағдайын анықтады

Петропавл қаласындағы пабликтердің бірінде екі баласымен бірге саяжайда қыстап жатқан әйел туралы алаңдататын жазба жарияланған. Құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа дереу назар аударды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлері мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы көрсетілген мекенжайға барды. Ақпарат ішінара расталды: отбасының шынымен де көмекке мұқтаж екені белгілі болды, алайда тұрмыс жағдайы бастапқыда айтылғандай емес болып шықты. Анықталғандай, жалғызбасты ана 4 және 7 жастағы екі қызымен жеке үйде тұрады. Азық-түлік жеткілікті, балалар үшін жағдай қанағаттанарлық, алайда отын мәселесі болған.
«Полиция қызметкерлері бейжай қарамаған азаматтарға алғыс білдіреді, бірақ тек тексерілген ақпаратпен бөлісуді сұрайды. Әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қажет болған жағдайда хабарласу үшін байланыс нөмірлері қалдырылды. Сондай-ақ ақпарат отбасыны қолдау орталығына жолданды. Ол жерде жалғызбасты анаға құқықтық кеңес пен әлеуметтік көмек көрсетілуі мүмкін», – делінген полиция хабарламасында.
Аталған хабарлама 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өткен «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қаралды. Осы уақыт ішінде Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есепте тұрған тұлғалар бойынша шамамен 5 мың мекенжайға тексеру жүргізді. Сонымен қатар 362 түрлі құқықбұзушылық анықталды. Олардың ең көбі — қоғамдық орында алкоголь ішу немесе мас күйінде болу: мұндай 236 дерек тіркелген.
