Петропавл дәрігерлері аудан тұрғынын мүгедектіктен сақтап қалды

Марина Дранованы көп жылдан бері аяқтағы ауырсыну мен еркін жүріп-тұра алмауы мазалаған. Алайда бүгінде ол болашаққа жоспар құрып, жүзінен күлкі кетпей жадыраңқы көңіл күйде. Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында оған зақымданған буын сәтті түрде ауыстырылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Марина Дранованы ұзақ уақыт бойы тізе буындары мазалаған. Аудандық емханадағы ортопедке жүгінгеннен кейін оған Петропавл қаласындағы Көпсалалы қалалық ауруханаға жолдама берілді. Тексеру нәтижесінде операция қажет екені анықталды.
«Біз тізе буынына эндопротездеу операциясын жасау туралы шешім қабылдадық. Операциядан кейін ауырсыну басылып, науқастың жағдайы жақсы. Аталған хирургиялық араласу МӘМС жүйесі аясында жүргізілді», – деп түсіндірді травматолог-ортопед Ислам Қуандыков.
Қазіргі уақытта Тимирязев ауданының тұрғыны сол жақ тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келу кезеңінен өтуде. Алда 1,5 айлық оңалту бар. Дегенмен Марина емін жалғастыруға ниетті.
«Менің екі тізем де ауырады. Біреуіне операция жасалды. Оңалту аяқталған соң оң жақ тіземе де операция жасатуды жоспарлап отырмын. МӘМС жүйесінің арқасында, сақтандырылған мәртебем бойынша эндопротездеу жасауға мүмкіндік болды. Дәрігерлерге үлкен алғысымды білдіремін», – деді Марина Дранова.
Маринаның жағдайы жалғыз мысал емес. Дәрігерлер мұндай операцияларға сұраныс жоғары екенін айтады. Тек 2025 жылдың өзінде өңірде МӘМС жүйесі бойынша тізе буындарын эндопротездеу бағытында 300-ден астам операция жасалған.
