«Alageum» зауыты ұжымына ҚР Жаңа Конституциясы жобасы таныстырылды

Петропавл қаласындағы «Alageum» электротехникалық зауытының ұжымымен Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасы талқыланды. Елдің Негізгі заңына енгізілетін өзгерістерді зауыт қызметкерлеріне Қазақстан Халық партиясының өкілдері түсіндірді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Зауыт жұмысшыларына ҚР Жаңа Конституциясы жобасының негізгі қағидаттары таныстырылды. Кездесу барысында спикерлердің бірі — «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов болды. Ол қолданыстағы Конституция нормаларын комиссия әзірлеген жаңа түзетулермен салыстырып өтті.
Болат Қожахметов адамға бағдарланған қағидатқа ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда адамның өзі, оның құқықтары мен бостандықтары басты назарда болады және олар Конституциямен кепілдендірілмек.

«Мемлекеттің стратегиялық бағыты — адами капитал. Жаңа Конституция білім, инновация, ғылым және мәдениет сияқты құндылықтарға бағдарланған. Бұл — бәсекеге қабілетті мемлекетте кәсіби маман әрі саналы азамат қалыптастыратын қасиеттер», — деді ол.
Сондай-ақ зауыт ұжымы алдында Қазақстан Халық партиясының мүшесі Гүлбахша Мусабаева сөз сөйледі. Ол еңбек ұжымына жаңа консультативтік-кеңесші орган — Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы туралы баяндап, бірпалаталы Парламент құрудың тарихи маңызын атап өтті.

«Мен Конституцияның жаңа редакциясымен танысқанда, унитарлы мемлекеттер үшін бірпалаталы парламенттің тиімді екенін түсіндім. Құжаттарды қабылдау мен қол қою мерзімі едәуір қысқарады. Мен «Құрылтай» деген жаңа тарихи атауды толық қолдаймын», — деп атап өтті ол.

