СҚО-да 320 оқушы жасөспірімдер олимпиадасында үздік атану үшін бақ сынауда

Солтүстік Қазақстан облысында 7–8-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі ресми түрде басталды. Ауқымды зияткерлік сайыстың ұйымдастырушысы — дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «Қызылжар дарыны», деп хабарлайды QZ NEWS.
Олимпиадаға бұған дейін аудандық және қалалық кезеңдерде жеңімпаз және жүлдегер атанған 320 оқушы қатысып отыр. Жас дарындылардың барынша қамтылуы мен қолайлылығы үшін байқау бір мезгілде Петропавл қаласында және облыстың жеті аудан орталығында өткізілуде.
«Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Бахыт Ғабдуллинаның айтуынша, олимпиада бағдарламасы дәстүрлі түрде екі негізгі бағытқа бөлінген.
«Жаратылыстану-математикалық бағытқа математика, биология, география, физика, химия және информатика пәндері кіреді. Бұл бағытта қатысушылар күрделі есептер шығарып, тест тапсырмаларын орындайды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағытқа қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы және ағылшын тілі енген. Мұнда тапсырмалар форматы шығармашылық және талдамалық сипатта: оқушылар эссе жазады, көркем мәтіндерге талдау жасап, жазбаша жұмыстар орындайды. Олимпиадаға облыстық білім беру ұйымдарынан — 74, қалалық мектептерден — 59, ауылдық мектептерден — 187 оқушы қатысуда», — деп атап өтті Бахыт Ғабдуллина.
Аталған кезеңнің жеңімпаздары 2026 жылдың мамыр айында Астана қаласында өтетін республикалық финалдық турда Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғау құқығына ие болады.
