Мемлекет басшысы: «Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп ШОБ-ты қолдау саясатын түбегейлі өзгерту бойынша ұсыныстар енгізуі қажет»

Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 1 сәуірге дейін шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек. Бұл ретте әрбір кәсіпкерге смартфон арқылы қолжетімді бірыңғай цифрлық экожүйе құру көзделуі тиіс, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер туғызуда. Жалпы ішкі өнімнің шамамен 40 пайызы және негізгі капиталға салынған инвестициялардың 70 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл – соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алайда қазір жетістікке масаттанатын уақыт емес. Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және қолайлы орта қалыптастыру бағытында айтарлықтай күш жұмсалғанына қарамастан, қолданыстағы тәсілдер қазіргі заман талаптарына сай келмейтіні айқын болып отыр», – деді ҚР Президенті.
Ол кәсіпкерлікті дамыту ісінде Үкімет қолдаудың сапасына ерекше мән беруі қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік қолдау технологиялық деңгейіне және бизнес санаттарына қарай саралануы тиіс. Шағын бизнесті қолдау атаулы әрі тиімді болып, «күн көру режимінен» тұрақты өсімге көшуге ынталандыруы керек.
«Шикізаттық емес секторда даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнімді өткізу нарықтарының ауқымын кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 1 сәуірге дейін әрбір кәсіпкерге смартфон арқылы қолжетімді бірыңғай цифрлық экожүйе құруды көздейтін ШОБ-ты қолдау саясатын түбегейлі өзгерту бойынша ұсыныстар енгізуі қажет. Қолданыстағы реттеуші орта кәсіпкерлер үшін артық әкімшілік және материалдық шығындар тудыруда. Оларды азайтудың бір тетігі ШОБ субъектілерін тексеруге енгізілген мораторий болды. Алайда мораторий аяқталғаннан кейін бәрі бұрынғы қалпына қайта оралды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы 2020 жылы 70 мың тексеру жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқанын атап өтті. Оның үстіне, олардың 85 пайыздан астамы жоспардан тыс тексерулер.
«Бұл күмәнді тәжірибені тоқтататын уақыт келді. Оның орнына медициналық қорды, жекеменшік мектептерді және әлеуметтік жеңілдіктер көрсету жүйесін тексеру қажет. Реттеуші реформаның жаңа кезеңіндегі негізгі міндет – блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, цифрлық модельге толық көшу. Негізге «реттеуші сары беттер» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты алынуы тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бұл жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауы қажет», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
